Қарағанды облысы білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған және балалардың психологиялық әл-ауқатын, қауіпсіздігін және құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясат аясында қызметін жүзеге асырады.
Орталықтың негізгі мақсаты — Қарағанды облысының білім беру ұйымдарында біртұтас психологиялық қолдау жүйесін дамыту, білікті психологиялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметтерінің жұмысын үйлестіру.
Орталық тегін психологиялық, консультациялық және әдістемелік көмек көрсетеді балаларға, ата-аналарға (заңды өкілдерге), педагогтерге және білім беру ұйымдарының мамандарына.
Қызмет Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы» заңдарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ағарту министрінің міндетін атқарушының 2025 жылғы 24 қарашадағы №264 бұйрығымен бекітілген психологиялық қолдау орталықтарының қызметі туралы қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Орталықтың құрылымында әдістемелік және психологиялық бөлімдер жұмыс істейді.
Әдістемелік бөлім білім беру ұйымдарының психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметтерінің жұмысын үйлестіреді, олардың қызметіне мониторинг жүргізеді, мамандарға әдістемелік сүйемелдеу көрсетеді, педагог-психологтардың, әлеуметтік педагогтердің және тәрбие ісі жөніндегі басшы орынбасарларының кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған семинарлар, практикумдар, супервизиялар, интервизиялар және басқа да іс-шараларды ұйымдастырады.
Психологиялық бөлім балалар мен отбасыларға эмоционалдық әл-ауқат, бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынас, бейімделу, дағдарыстық жағдайларды еңсеру, булингтің, кибербулингтің, зорлық-зомбылықтың, суицидтік және басқа да аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу мәселелері бойынша білікті көмек көрсетеді. Орталықтың мамандары психологиялық диагностика, консультация беру, түзету-дамыту жұмысын, профилактикалық іс-шараларды және психологиялық-педагогикалық ағарту жұмысын жүргізеді.
Қызметтің басым бағыттарының бірі — дағдарыстық жағдайларға жедел ден қою болып табылады. Білім беру ұйымдарының, мемлекеттік органдардың, 111 байланыс орталығының, ата-аналар мен заңды өкілдердің өтініштері бойынша Орталықтың мамандары психологиялық көмек көрсету, жағдайды талдау, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді ұйымдастыру және ведомствоаралық өзара іс-қимыл мақсатында білім беру ұйымдарына барады.
Орталық тәуекел факторларын уақтылы анықтау, балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында Қарағанды облысының білім басқармасымен, білім беру ұйымдарымен, денсаулық сақтау, ішкі істер, әлеуметтік қорғау органдарымен, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялармен, Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Балаларда, ата-аналарда (заңды өкілдерде) немесе педагогтерде психологиялық әл-ауқатқа, эмоционалдық қиындықтарға немесе дағдарыстық өмірлік жағдайларға байланысты сұрақтар туындаған жағдайда, олар Қарағанды облысы білім басқармасының «Психологиялық қолдау орталығы» КММ-ге жүгіне алады. Орталық мамандарының психологиялық көмегі мен консультациялары тегін негізде құпиялылық, кәсіби этика талаптарын және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын сақтай отырып көрсетіледі.
Орталықтың қызметі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға, балалардың психологиялық денсаулығын сақтауға және көмекке мұқтаж әрбір адамға уақтылы кәсіби көмек көрсетуге бағытталған.





